Шорабекұлы Өсербай

 Шорабеков Өсербай Шорабекұлы - 1949 жылы қантар айының 15-ші жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. Көкбұлақ ауылының атақты ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Көмекбайұлы Шорабек шаңырағындағы 14 баланың ішінде, татулық пен имандылық орнаған отбасында өсіп жетілді. Жасынан зерек, алғыр, кішіпейіл, ағайынға бауырмал және  білімге құштар болды. 1955 жылы Көкбұлақ орта мектебінің табалдырығын аттады. 1965 жылы Арыс қаласындағы №13 мектеп-интернатты бітіріп, сол жылы Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсті. 1970 жылы осы аталған институттың толық курсын малдәрігерлік мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын Бадам селосында орналасқан «Киров» атындағы совхозда мал дәрігері қызметінен бастап сол совхоздың (кейін шаруа қожалығы) директоры қызметтерінде жұмыс істеді. Өмірінің соңғы жылдарында Ордабасы қорығында бас маман қызметін атқарды.

     Қызметтестері жәнежолдастары оның жүрегінің кеңдігін, өзгелерге жасаған қамқорлығын, өз ісіне адалдығын алға тартады. Әкесі Шорабек Өсербай ұлына үлкен отбасыдағы бауырларының өмірлік бағытына, болашағына қамқор болуына үлкен үміт артып, сеніммен қарады. Бауырлары әке аманатын ақтап, сенімінен шыққанына күмән келтірмейді және үлкен алғысын білдіреді.

     Өмірлік серігі Сатқанбаева Камиламен 1971 жылы жанұя құрып екі ұл, бір қызды дүниеге алып келді. Ұл қыздарын адамгершілікке, әділдікке тәрбиелеп жоғары білімді азаматар қатарына қосып, өмірлік жолдарына дұрыс бағытты көрсете білді. Өмірлік жары, жұбайы Камиля да текті жердің қызы. Әкесі Зайдулла Сатқанбаев көршілес Алтын-Төбе ауылынан шыққан, руы Сіргелі-Батыр, Шымкент қаласында білім және партия ұжымдарында басшылық қызметтерде істеген.  Камиля Зайдуллақызы Бадам селосындағы «Қажымұқан» атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1993 жылы мезгілсіз жүрек ауруынан қайтыс болды.  

     Қазір үлкен ұлы Бақытжаннан Гүлжан, Аружан есімді екі немересі, ортаншысы Ғалымжаннан Өркенбай, Көркемай, Құралай, Байбарыс есімді төрт немересі, қызы Гүлзаттан Дильназ есімді немересі бар. Үлкен ұлы Бақытжан әке жолымен өзінің жеке шаруашылығын ұйымдастырып, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Ғалымжан «Қазақтелеком» АҚ-ның Ақпараттар жүйелер дирекциясының Алматы қаласы бойынша аймақтық бөлімшесінің бастығы қызметінде, техника ғылымдарының кандидаты. Қызы Гүлзат Шымкент қаласында орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі.

   Өкінішке орай, халық азаматы Шорабекұлы Өсербай 2002 жылы 2 наурызда мезгілсіз қайтыс болды. Алланың рахымы, Мұхаммед пайғамбардың шапағаты түссін, жатқан жері торқа болсын!  

Шорабекұлы Өсербай тармағы.
Joomla templates by a4joomla