Жандарбек Зікірия. Рулық, тайпалық жүйенің ортағасырлық қазақ қоғамындағы ролі

 

 

Қазақ тарихында әлі шешімі табылған мәселенің бірі – ортағасырлық қазақ қоғамындағы рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар мәселесі. Ру, тайпалардың қазақ халқы құрамында әлі күнге дейін сақталуы ненің белгісі? Артта қалғандық па, әлде бұл жүйелердің ерекше қызметі болды ма? Маркстік тұжырым бойынша рулық, тайпалық жүйелердің болуы – қоғамның даму дәрежесі әлі төмен деңгейде екендігін білдіреді. К. Маркс адамзат тарихын қоғамдық формацияларға бөлді және ол ойын былай тұжырымдады: «Өндірістік қатынас жиынтығында қоғамдағы қоғамдық қатынастард құрайды және ол дамудың белгілі бір сатысына сай болады.» және мынадай формацияларға бөлді: Алғашқы қауымдық құрлыс; антикалық, құл иеленушілік кезең; феодализм дәуірі, капитализм дәуірі; коммунистік қоғам.[1] Егерде біз осы қағиданы мойындар болсақ, онда біз әлі даму деңгейі төмен дәрежедегі халық санатына қосыламыз. Шындығына келгенде осы күнге дейін біз мұны мойындап келген халықпыз. Мысалы, қазақ халқының XVII-XVIII ғғ. қоғамдық құрлысын экономикалық тұрғыдан зерттеген С. Толыбеков сол кезеңдегі қазақ қоғамын былайша сипаттайды: «Кочевое общество казахов XVII-XVIII вв. было патриахально-феодальным или полуфеодальным… Все классы этого общества отличались своей недоразвитосью, незрелостью… Одним из характерных признаков кочевого общества казахов в XVII-XVIII вв. было то, что классовые отношение в нем имели патриархально-родовую окраску. Вся жизнь была пронизана родовым началом, даже борьба классов в большинстве случаев протекало как бы в форме борьбы за родовые интересы»2. Қазақ халқы осы тұжырымдарға қарағанда, жабайы немесе жартылай жабайы халық болып шығады. Өкінішке орай, бұл пікір осы күнге дейін толығымен терістелген жоқ. Алайда, әрекетсіз де емеспіз. Мысалы, этнограф Ж. Артықбаев ру, тайпалар туралы мынадай тұжырым жасайды: «Саяси-мемлекеттік құрылымның бастауы – рулық-иерархиялық жүйе.»3 Жақында «Ақиқат» журналында профессор М. Әбілтайн «Қазақтың рулық қоғамы» атты мақала жариялап, қазақ тарихындағы рулық, тайпалық жүйелердің қазақ тарихындағы ролін саралай келе былай дейді: «Сонымен, біз орта ғасырда қазақ халқы рулық қоғамда өмір сүрді деген теориялық болжам айтып отырмыз. Екінші сөзбен айтқанда, рулық қоғам идеясын марксистік формациялық теорияда тұжырымдалған феодалдық формацияның баламасы ретінде ұсынып отырмыз»4. Демек, бұл отандық тарихшылар арасында қазақ қоғамының өзіндік ерекшелігі барлығын, ол өзге халықтардың тарихи тәжірибесі негізінде жасалған теория еркіне көне бермейтінін сезіну күн санап өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Егерде біз түркі халықтарының рулық, тайпалық жүйесінде соңғы мың жылда болған өзгерістеріге талдау жасар болсақ, онда жоғарыда Ж. Артықбаев айқан пікірдің дұрыстығына толық көз жеткіземіз. Түркілердегі рулық, тайпалық жүйе – көнеден келе жатқан түркі мемлекеттігінің тірегі. Рулық, тайпалық жүйе ыдырауы түркілік мемлекетті басқарудың түркілік  жүйесінің ыдырауына әкелетінін, оның орнына мемлекетті басқарудың абсолюттік билікке негізделген парсылық жүйесі қалыптасатынын кезінде В.В. Бартольд айтқан болатын5.

VIII түркі халықтарының ислам дінін қабылдауы түріктердің жаңа сатыға көтерілуіне ықпалын тигізді. Түркі халықтары өзінің тілін, дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жоғалтып қойған жоқ. Солармен бірге, көнеден келе жатқан түрік мемлекеттігінің қалыптасқан жүйесінен де айрылды. Оған түрік халықтарының ішкі қоғамдық қатынастарын реттейтін жүйенің шариғат үкімдерінің алмастыруы тікелей ықпал етті. Бұл біртіндеп түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығарылуына әкелді. Көнеден келе жатқан некелік қатынас өзгертіліп, экзогамдық қатынастар  эндогамдық қатынаспен алмастырылды. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастар осы кезге дейін сақталып келген рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді. Рулық, тайпалық жүйе түркі мемлекеттігінің негізі болатын. Мемлекет басшысы – ханды осы рулық, тайпалық жүйе басшылары сайлап қоятын. Хан әр кезде мемлекеттік мәселелерді осы ру, тайпа басшыларымен кеңесе отырып шешетін және әр ру, тайпа ерікті әскер шығарып, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс болатын. Ислам дінін қабылдаған түркілерде рулық, тайпалық жүйе ыдыраған соң, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі де күйреді. Хан билігі бұрынғыдай бүкіл қоғам өкілдері тікелей араласа алатын коллективтік билік жүйесі болудан қалып, орнына жеке билеушінің абсолюттік билігіне негізделген, мемлекетті басқару жүйесі келді. Бұл мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі еді.

Түркі дүниесінің басына осындай ауыр кезең  туғанда тарих сахнасына Қожа Ахмет  Йасауи сынды ұлы тұлға шықты. Ол сопылық ілімді түркілер арасына әкелу арқылы  исламдағы иманды өз дәрежесіне көтерді. Түркінің жоғалған дәстүрлі мәдениеті мен  тілін қайта  тірілтті.

Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол түркі халықтарында ислам дінінің өмір сүру формасы болып қалыптасты. Түркі халықтары үшін ислам дінінде Йасауи жолынан тыс жол қалмады. Ол жолдың шеңберінен шығу түркі мәдениетінен бас тарту бас тарту болатын. Сондықтан кезінде ислам әлнмі Қожа Ахмет Йасауиді «Қтуб ал-ақтаб» деп атады. Бұл сөзді қазақтың жалпақ тіліне аударғанда Түркі дуниесінің «Темірқазығы» дегенді білдіретін еді. Йасауийа тариқатының тарих сахнасына шығуымен түркі халықтарының тілі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, дәстүрлі мәдениеті толығымен қайтадан қалпына келтірілді. Түркі дүниесі жеке халық ретінде тарих сахнасынан шығып қалу қауіпінен арылды және  өз дамуының келесі кезеңіне аяқ басты.

Қожа Ахмет Иасауи ілімі түркі халықтарының тек рухани, мәдени дербестігін ғана қайтадан қалпына келтіруіп қойған жоқ. Сонымен бірге, түркі халықтарының мемлекеттік жүйесін қайтадан қалпына келтіруге ықпалын тигізді.Йасауи жолы Өзбек хан тұсында Жошы ұлысының мемлекеттік идеологиясына айналды. 1320 жылы Йасауи жолының мемлекеттік идеологияға айналуы халықтың рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырып қойған жоқ, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құруға ықпал етті. Бұрынғы рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, орнына рухани негізде біріктірілген рулық, тайпалық жүйелер дүниеге келді. Қандық принцип тек жеті ата деңгейінде қалдырылды. Қазіргі күнге дейін қазақ арасында сақталып келе жатқан «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қасыңдағы әйеліңді сұраса келсең қарын бөле шығады» деген нақыл сөздер астарында халықтың бір кездегі қандық жақындағы жатыр. Олар жүздерге топтастырылып, мемлекеттің басқару жүйесін құрады. Бұл бір жағынан мемлекетті басқарудың көне түркілік жүйесін қалыптастырса, екінші жағынан Йасауи жолының құрылымдық жүйесін толық қайталады. Ру, тайпа, жүздерді басқару толығымен йасауийа тариқаты өкілдерінің қолына – билерге берілді. Қазіргі күні Тәуке хан құрды деп жүрген Билер кеңесі алғаш рет осы Өзбек хан кезінде қалыптасқан болатын. Шыңғыс хан «Йасасы» мен ислам діні шариғаты түркі халықтарының рухани, мәдени, құқықтық сұранысын толық қанағаттандыратындай етіп жасалған болатын. Билер-йасауийа тариқатының өкілдері бар күшін Жошы Ұлысында ең әділетті қоғамды орнатуға салды. Пайғамбар дәуірінен кейінгі ең әділетті қоғам осы Жошы Ұлысында орнады. Абсолютті билік Ханда да, биде де, батырда да болған жоқ. Өйткені, бұл қоғам біріне-бірі тәуелді, бірінің бірінсіз күні жоқ, өте берік қоғам болатын. Сонымен бірге, хан тек Шыңғыс хан әулетінен сайлануы тиіс болды және хан билігінің киелілігі туралы ұғым қалыптастырылды. Сол кездегі Жошы ұлысындағы қоғамдық құрлыс моделін былай ойша сызып көрсетуге болады. Кереге  – қара халық; уық – ру, тайпа, жүздік құрылымдардың басшылары-йасауийа тариқатының өкілдері, қожалар; шаңырақ – хандық билік. Бұл жүйе XIX ғасырда өмір сүрген, Қоқан билеушілеріне қарсы күрескен ақын Мәделі қожаның Қанай датқаға айтқан сөзінде былайша бейнеленді:

Датқа-еке, осы жерде туып едім.

Саған келген жауларды қуып едім.

Шаңрағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,

Сен кереге болғанда мен уық едім.

Бұлардың ешқайсысының қолында абсолютті билік болған жоқ.  Абсолютті билік тек заңның қолына берілді. Заң бәрінен де жоғары тұрды. Сол себепті бұл мемлекет одан кейінгі ғасырларда Алтын Орда атанды. Бұл мемлекеттің беріктігі – оның рухани беріктігіне тікелей байланысты болды. Осал жері де осы руханилыққа тәуелді еді. Бұл мемлекет халқының рухани тұтастығын ыдырату мемлекетті ыдырату еді. Мұны мемлекеттік биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары жақсы түсінді.

1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы Алтын Орда мемлекеті үшін қасіретті болды. Өзбек хан орнына таққа отырған Жәнібек мемлекеттің билік жүйесін толық өзгертті. Йасауи жолы өкілдері-билерді мемлекетті басқару жүйесінен ысырып, олардың орнына ирандық дін өкілдерін билік басына қояды. Бұл мемлекеттің негізгі тірегі – рулық, тайпалық жүйелерді, жүздік құрылымдарды ыдырату жолындағы  әрекеттің басы еді. Рулық, тайпалық жүйе мен жүздің құрылымдар ыдырар болса, онда хан билігін шектейтін билер институты ыдырайды. Сөйтіп хан абсолюттік билікке қол жеткізеді. Жәнібек хан өз дегеніне жетті. Алайда, Жәнібек ханның бұл әрекеті жақсылық әкелмеді. Нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті ыдырады. Алтын Орда құрамындағы түркілерде осы кезеңде алғаш рет этникалық жіктелу басталды. Жүздің құрамынан шығарылған ру, тайпалар пайда болды. Оны татар шежірелеріне талдау жасағанда көруге болады.* Жалпы, түркі халықтарының XIV ғ. басынан кешкен бүкіл тарихи, этникалық үдерістері толығымен қазақ және т.б. түркі халықтары шежірелерінде көрініс тапқан. Алтын Орданың ыдырауы, Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Қазақ хандығының ыдырауы осы шежірелерде анық көрсетілген. Бұлардың барлығына тән ортақ заңдылық рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауы. Сырттан әкелінген діни идеологияның басты нысанасы – мемлекетті басқарудың түркілік жүйес іру, тайпаларды ыдыратуға бағытталатынын, солар арқылы билер институтын жоюға бағытталатынын көруге болады.

14 ғасырда дүниеге нақшбандийа тариқаты келді. Бұл тариқат өзінің дәстүрлік ерекшелігі жағынан соғды-тәжік, парсы мәдениетіне негізделді және «ахл ал-сунна уа жама’а» тариқаты деп аталды. Ол X-XII ғғ. конформистік бағыттағы ғұламалар тарапынан жасалынған шариғат үкімдерін басшылыққа алған тариқат ретінде тарих сахнасына шыққанын білдіретін еді және ол ғасырларға созылған Евразия кеңістігінде билік иесі болған түркілерге, түркілердің рухани тірегі Йасауи жолына қарсы бағытталған еді. Нақшбандийа тариқатының Мауараннахрдағы XVI ғасырдағы өкілі Қожа Ахрар «Шыңғыс хан Йасасының күлін көкке ұшырамын»- деуінің өзі нақшбандилердің басты қарсыласы кім екенін анық аңғартады. Ең бастысы рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастарға салынған тыйым алынып тасталды. Керісінше, халық арасында қандас адамдар арасындағы некеге қолдау көрсетілді. Бұл мемлекеттің негізгі тірегі болған рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратуға тікелей ықпал ететін фактор еді. Ол өз кезегінде мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін, билер институтын күйрететін, ханды абсолюттік билікке жеткізетін бірден-бір құралға айналды. Бұл хандар үшін аса қажетті идеология болып көрінді. Оларға Йасауи жолы түркілік мемлекетті басқаруда ешқашан абсолюттік билік бермейтін. Сондықтан олар нақшбандийа тариқатына қолдау көрсете бастады. Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Қазақ хандығының күйреуі хан әулетінің нақшбандийа тариқатына қолдау көрсетуімен тікелей байланысты болды. Тек Қазақ хандығы емес, Шайбанилер мемлекетінің күйреуі де, Ноғай Ордасының күйреуі де осы нақшбандийа тарқатын мемлекеттік идеологияға айналдырғаннан бастап жүз мерзімді құрайды. Осы аралықта нақшбандийа тариқатын қабылдаған халық өзінің дәстүрлі мәдениетінен толық ажырап, рулық, тайпалық жүйелерін толық ыдыратып, өзге мәдениетті қабылдап үлгереді екен. Өзінің дәстүрлі мәдениетінен ажыраған халық сыртқы дұшпандардың оңай олжасына айналады. Қазақ хандығының ыдырауы да «Жеті жарғыда»  осы нақшбандийа тариқатын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп, Иасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесінен ажыратуымен ерекшеленеді.

Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауызбірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Алайда, нақшбандийа тариқаты өкілдері йасауийа тариқаты өкілдері сияқты халықпен бірге көшіп-қонып жүрген жоқ. Тек жылына бір рет келіп, зекет жинаумен шектелді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің  бұзылмай сақталуына ықпалын тигізді. Нақшбандийа тариқаты өкілдерінің қатарына  түркілік мәдениеттен бас тартып, парсылық мәдениетті қабылдаған бұрынғы йасауийа тариқатының өкілдері де қосылды. Ол қожа әулеттері «азизан» қожалар немесе қысқартып «әзлер», «әздер» деп те атайды. Олардың қатарына қазіргі күні Түркістан, Сайрам сияқты қалалардағы өзбектенген, бірақ өз шежірелерін Қожа Ахмет Йасауимен байланыстыратын қожаларды жатқызуға болады. Бұлар өз қолдарындағы уақфтық мүліктерді сақтап қалу үшін сондай жолға барғанын байқауға болады. Ал өз жолынан бас тартпай, Иасауи жолына адал болған қожа әулеттері қазақ халқы құрамынан мүлде шығарылып тасталды немесе өздері кезінде пір болған рулардың құрамына сіңіп кетті. Қазіргі күні қазақ шежірелерін талдап көрсеңіз, олардың арасынан бұрын йасауийа тариқатының өкілдері болған қожалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл «Жеті жарғы» заңының қазақ қоғамына енгізген басты жаңалығы осы болатын. Ал әдет, ғұрып, салт-дәстүрдің «Жеті жарғыдан» да бұрын солай болғанын А.И. Левшин былай баяндайды: «Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявки.

Киргизы Большой и Средней Орды утверждают, что народные законы их гораздо древнее хана Тявки …». Демек, Тәуке хан қазақ қоғамына оншалықты өзгеріс әкелмегенін көреміз. Тек, билер институтының құрамы ауыстырылды. Бұрынғы кезде өз шежірелерін Әзірет Әлінің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын (қожалар) Йасауийа тариқаты өкілдерінен құралған Билер Кеңесі – енді, қазақ ру, тайпаларының өз арасынан шыққан білімдар кісілерден құралды. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сокральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты  жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын  ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Содан кейін ғана олар халаық арасына барып билік жүргізетін. Барған жерінде ол бидің туған-туысы, ағайын жек-жаты жоқ болатын. Бұл биге әр кезде кез-келген дауды шешуде тек әділін айттыратын. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығын  мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның  «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып сарт атандырды.

Ал, өздері сол ру, тайпаның мүшесі болып табылатын биден биге қойылатын адалдық пен тазалықты талап ету қиын. Өйткені, ол әрбір ру биінің, тайпа биінің туысы бар, бауыры бар. Әрбір би «өзімнің шыққан тауым биік болсын» деген принциппен де өз пайдасына бұрады. Оның үстіне «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген принцип және бар. Осылардың бәрі қазақ қоғамының рухани тұтастығына үлкен нұсқан келтірді.

«Жеті жарғының» тағы бір жаңалығы әр жүздің басына хан сайлануы еді. «Жеті жарғыдан» бұрын әр ру, әр тайпа, әр жүздің басында тек биі болатын болса, енді әр жүздің басына бимен қоса хан сайланды. Бұл бір жағынан Шыңғыс ұрпақтарының саясаттағы ролін күшейткенімен, екініші жағынан елдің ішкі тұтастығына зиянын тигізді. Бұрын Шыңғыс хан ұрпағының қайсысының таққа отыратынын билер шешетін болса, ендігі кезекте бұл қарадан шыққан билер қолына берілді. Ең бастысы «Жеті жарғыда» рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды бірте-бірте ыдырату тетіктері қарастырылып, болашақта хан билігінің абсолюттік билікке жету жоспары жасалынғанмен, ол абсолюттік билікті қамтамасыз ететін құрылымдар мәселесі қарастырылмады. Оны Тәке ханның өзінде де, одан кейінгі хандардың ешқайсында, көне түркілік мемлекеттікті басқару жүйесі ыдыраған кезде орнын басатын хан мен оның уәзірлерінен тұратын бюрократиялық аппарат пен ханның жалдамалы әскері де, сот жүйесі мен ішкі қауіпсіздікті қорғайтын құрылымдық жүйелері қалыптастырылмады. Басқаша айтқанда, «Жеті жарғы» заңының мемлекеттің көне түркілік жүйесін ыдыратуға ықпалы болғанымен, жаңа жүйені қалыптастыруда ешқандай ықпалы болған жоқ. Қысқаша айтқанда, «Жеті жағыдан» қабылданғаннан кейінгі қазақ қоғамы бұрынғы басқару тетігі, рухани, мәдени тұтастығы бар халықтан, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына еріп, рухани, мәдени тұтастығы бұзыла бастаған, әр ру, тайпа билерінің соңына ерген тобырға айналды. Бұл айтылған сөздер жалаң болмас үшін нақты мысалдарға көшейік. Мысалы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Ұлы жүзде Төле би өлген соң Ташкент маңындағы қазақ                                                                                                                                                                                                                                                                                                          ру, тайпалары билікке таласып, келісімге келе алмай, билікті Шайхантаур ұрпағы Жүніс қожаға тапсырғаны тарихтан белгілі.

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін-ақ Қазақ хандығының  көбесі сөгіле бастады. Тәуке хан өлген соң оның тағына отырған Қайып хан 1718  жылы ішкі қақтығыстар кезінде қаза табады. 1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы басталғанда Түркістан тағына Полат отырғанымен Қазақ хандығын біртұтас мемлекет деп айту қиын болатын. Йасауи жолының қазақ арасынан шығарылуы, Шыңғыс хан ұрпақтарының бәріне таққа отыруға деген үмітін оятты. Бұрын билерден аса алмаған төрелер арасында тақ үшін күресі басталды. Төрелердің ішкі араздығы,  Йасауи жолымен бірге хан билігінің киелілігі туралы ұғымның қазақ санасынан шайылуы Шыңғыс ұрпақтарының таққа отыруына қарсы топтардың шығуына ықпал етті.. Мысалы, оған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырындағы мына жолдар дәлел бола алады:

Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;

«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»-деп

Боларын осы апаттың болжап кетті;

Төреден Әйтеке би безін деді,

Қазақты батыр, көсем басқармаса,

Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді;

Хан-сұлтан, төре күні өткен деді,

Олардан ақыл-айла кеткен деді;

Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қыл,

Басқарар енді уақыт жеткен деді.

Бұл жолдар хан билігінің киелілігі туралы ұғымның өз мәнін жоғалтқанын аңғартады және ол нақшбандийа тариқатын өзгелерге қарағанда Бұхара, Самарқандпен шектес Кіші жүз руларында түркілік мемлекеттік жүйе туралы ұғымның толығымен мәнін жоғалтқанын көрсетді. Бұдан кейінгі кезеңде Абылай хан таққа отырғанша, қазақтың басы бірігіп, біртұтас ел ретінде іс-қимыл көрсете алмағаны тарихтан белгілі. Абылай хан таққа отырғаннан кейін ғана қазақ өзінің біртұтас халық екендігін, Түркістанның қазақ даласының рухани орталығы екендігін сезіне бастады. Абылай ханның бұл еңбегін М.Мағауин былай суреттейді: « … Ел билеу ісінде Қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді». Шындығында, Абылай хан өз шамасы жеткенінше қазақ қоғамын қайта қалпына келтіруге барын салды. Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне қайта көтерді. Алайда, рухани билікті толығымен қайта келтіріп үлгермеді. Билер кеңесін бұрынғы дәрежесіне көтере алмады. Тек кейбір ру, тайпаларда қожа әулеттері пір болып, рухани, діни мәселелерді қолына ала алды. Оған мысал ретінде Кіші жүзге пір болған Түркістандық Мұхаммед қожаны, барлық қазақ  жұртына пір болған Абд ал-Жалил қожа мен Уақ тайпасының пірі болған Сарғалдақ қожаны, т.б. жеке ру, тайпаларға пір болып, билік жүргізген қожаларды айтуға болады. Бұл жалпы қазақ жұртына түгел жайылмады. Оның үстіне қолында шоғырланған биліктен ажырағысы келмеген ру, тайпа билері әрқайсысы өз білгенінше әрекет етті. Бұл әрекеттердің соңы Абылай ханның мезгілсіз қайтыс болуына, Қазақ хандығының  күйреуіне ықпал еткен басты себеп болды. «Абылай аспас Сары бел» атанған оқиға Қазақ мемлекеттігінің күйреуінің басы болды. Қазақ қоғамында киелі саналған хандық биліктің қадірі кетті. Қазбек бидің ұлы Бекболаттың үш мың адаммен Абылай ордасының үстіне баса көктеп келуі, халық жадынан мемлекеттік сана деген қасиетті ұғымның кетуінің айғағы десе болады. Осыған дейін қазақ тарихында хан ордасына басып келу болған емес. Хан халқына жақпаса, ханды ордасымен қалдырып, өзге жаққа барып, Шыңғыстың басқа ұрпағын шақырып, хан сайлап, мемлекеттігін ары қарай жалғастыра беретін. Мысалы, Асан Қайғының Алтын Орданың ханы әз-Жәнібекті тастап, Алаш мемлекетін құруы, немесе Жұмадық хан мен оның беклербегі болған Ғазы бидің озбырлығына шыдамаған халықтың Жұмадықтан бөлініп, жас Әбілхайырды хан сайлауы, Әбілхайыр антты бұзып өзге діни ағымды қабылдап, Уаққас биді, ал Қара қыпшақ Қобланды Дайыр-қожа-Ақжол биді өлтіргенде Әбілхайырды тастап, Керей мен Жәнібекті әкеліп, хан сайлауы, Қазақ хандығын тарих сахнасына шығаруы бұл халықта рухани бірлік пен Билер институтының аса қуатты мемлекеттік құрылым болғандығын көрсетеді. Қазір тарихта жазып жүргендей Қазақ хандығын Жәнібек пен Керей құрған жоқ. Шыңғыс әулетінен кімнің таққа отыратынын Едігенің «Жасасы» мен «Төресінен» соң хан болатын тұлғаны таңдау да, сайлау да толығымен билердің қолына өткен болатын. Оны Мұхаммед Шайбани мысалында көруге болады. 1472 жылы Едгенің немересі Мұса мырза Мұхаммед Шайбаниді шақыртып, оны хан көтеруге әрекет етеді. Алайда, Мұхаммед Шайбанидің пиғылын білген билер Мұсаға: «Көне дәуірден бері маңғыт билеріне мемлекетте еркіндік беретін. Егерде Мұхаммед Шайбани осы көне дәстүрмен келісер болса, онда жақсы. Біз оны хан сайлаймыз. Болмаса жолы ашық.» – дейді. Мұса билердің сөзін мақұл көріп, Мұхаммед Шайбаниді хан көтеруден бас тартады. Ал, Абылай хан билігінің соңғы кезеңінде  мұндай билер институты толығымен ыдырап біткен еді. Мұны белгілі этнограф Ж. Артықбаев былайша тұжырымдайды: «Абылай мен Бекболаттың келіспеушілігінің тамыры әріде. Үш жүздің баласына талабы жетіп тұрған хан өз билігінің қалтықсыз қабылдануын Орда билерінен талап етуі заңды. Бірақ заманның өзгергені аян. Баяғыдай жаугершілік, ірегден төнген жау жоқ, ел мимырт тіршілік кешіп жатыр. Оның үстіне Кіші жүз бен Ұлы жүө ішінде Орда биі атағы келмеске кеткен уақыт, хан билігі де татымсыз. Береке бірлікті ұстап тұрған тек Орта жүз – не өзінің билігін, не Орда билігін жоғалтпай.» Алайда мемлекетке тірек болады деген Бекболаттың өзі Абылай хан ордасының үстіне әскер әкелсе, билер институтының қай деңгейде болғанын көрсетеді.

Абылай арқадан кетіп, Түркістанға келіп, одан Самарқантқа баруы, қайтарында Ташкентте қалып, азғана кісімен Түркістанға қайтар жолында Сайрамдық сарттардың бес мың кісімен қарсы шығуы, сол кезде сол маңда отырған қазақтардың Абылайға қол ұшын беруге жарамауының астарында бір ғана себеп бар еді. Ол – қазақ халқының ар-иманының тірегі, рухани тұтастығының кепілі, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшса құс қанаты талатын сайын даланы мекен еткен қазақ деген халықтың рухани өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, әр түрлі сопылық тариқаттардың соңынан еруі болатын. Бұрындары «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ержүрек халық Абылайдай арысын қорғап қала алмады. Қорғамақ түгіл ордасының үстіне ат ойнатты. Қазақ хандығында Абылай кеткен соң қолына мемлекеттік билікті ұстап тұра алатын ешқандай саяси күш болған жоқ. Бұрынғы ынтымағы берік рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар болғанда Қазақ хандығы күйрер ме еді? Сан ғасыр мемлекеттің тірегі болған билер институты немесе мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі «Жеті жарғының» ықпалымен ыдыратылды. Нәтижесінде хан өлген соң мемлекет иесіз қалды. Абылайдың орнына отырған оның ұлдары орыс отаршылдарының қолындағы қуыршаққа айналғанына да тарих куә. Егерде соңында тіреп тұрған халқы болса, олар сондай күн кешер ме еді?  Бұл қазақтың қасіретті тарихы. Қазақ мемлекеттігінің осылай күйреуіне Тәуке хан қабылдаған «Жеті жарғы» заңының шешуші ролі болды. Одан кейінгі кезеңде де қазақ даласында рухани тіке-тірес осы йасауийа, нақшбандийа тариқаттары арасында жүргенін көруге болады. Мысалы, Дулат, Шортанбай, Майлықожа, Қашаған сияты ақын-жыраулар шығармалары бұған толық дәлел болады. Мысалы, Майлықожа ақынның мына өлеңі соның айқын дәлелі:

Болыс, бидің қыдыры ұры боп жүр,

Қолдайтын Бәһәуәддин пірі боп жүр.

Зекеті жоқ байлардың жиған малын,

Жең ұшында парамен құрыр боп жүр.

Өкінішке орай, біз бұл қасіретті тарихтан сабақ ала алмадық. Бүгін еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болғанда сырттан сандаған ағымды әкеліп сайрандатып отырмыз. Ертеңгі күні бұл қазақтың шілдің тезегіндей бытырып кететінімен ешкімнің жұмысы жоқ. Қауіп, әсіресе, ислам атын жамылып келіп жатқан уахаббилер, салафилер, таблиғтар, ахмадийа, тар[2]апынан туындап отырғаны жасырын емес. Тарихтың, тарих ғылымының басты қызметі бұрынғы өткен ата-бабалар тарихының жеңісін үлгі етіп, жеңілісінен сабақ алдыру болса керек. Бізде осындай болған деп құр жалаулатқанмен ешнәрсе ұтпаймыз. «Жеті жарғының» қазақ тарихындағы ролінің  жағымсыз жақтарын айтудағы мақсат – қазақты тұқырту емес, керісінше сол қателікті енді қайтып қайталамасақ деген игі мақсат болатын. Ал, оған біздің ақыл-парасатымыз жете ме? Ол басқа әңгіме.

Жандарбек Зікірия,

т.ғ.к.,

А. Ясауи атындағы

ХҚТУ-і

Түркология институтының

аға ғылыми қызметкері

«Абай-ақпарат»

 

 

 

 


[1] Маркс К., Энгельс Ф. Т. VI, стр. 442.

2 Толыбеков С.Е. Общественно-экономический строй казахов в XVII-XVIII веках. -Алма-Ата: Каз. Гос. издательство, 1959. с. 347.

 

3 Артықбаев Ж. Қоғам және этнос. -Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2004. 327 б.

4 Әбілтайн М. Қазақтың рулық қоғамы // «Ақиқат», № 1, 2009. 67-72 бб.

5 Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. Сочинения. Т. I. -Москва: Издательство восточной литературы, 1963. с. 369.

* Бұл мәселе біздің тарапымыздан жазылған «Иасауи жолы және қазақ қоғамы» атты монографиялық еңбекте баяндалған.

[2]

http://www.qazaquni.kz/11303.html#more

 

 



Joomla templates by a4joomla